Менің ұлы ұстазым – Пайғамбарым
Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын.
Иә, Аллаһ Тағала адамзатты жер бетіне халифа етіп жаратты. Жер бетіндегі барлық тіршілік атаулыны, яғни, күллі жаратылысты адамзатқа қызмет еткізіп қойды. Алайда, Аллаһтың осыншалық нығмет бергеніне шүкірлік ету былай тұрсын, бір тамшы судан жаратылғанына қарамастан адамзат өзінің кім екенін ұмытып, Жаратушысының тиымдарын тыңдамайтын желікпе желөкпелігі және бар. Міне, осылайша Аллаһтың әміріне қарсы келіп, тегін білмей Тәңіріне тепеңдеген теріс азулықтан азғындыққа, азғындық емес-ау айуандыққа дейін барған балшықтан жаратылған басы жұмыр пенденің белшесінен батқан күнәлары аз болмаған. Құдіретті Аллаһ Тағала әлін білмей әлекке түскен әлжуаз пенделерінің адал жолға аяқ басуы үшін әрдайым пайғамбарлар жіберіп, ескерту жасап отырған. Әттең, амал нешік әзәзілдің айласына алданып, иманының іргесін ірітіп, ібілістің ізіне ерген ілтипат пен ізгіліктің өзі түгілі иісі де мұрнына бармаған инсанның (адамның) соңы ауыр азаппен аяқталып отырған. Әнеки қараңыз, қаншама қауымдар жер бетінен жойылып кетті десеңізші!!! Лұт қауымы, Самұт қауымы т.с.с.
Әріге бармай-ақ қоялық, соңғы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) келер алдындағы адамзаттың күйі де бұрынғы қауымдар сияқты күнәға белшесінен батып жатқан болатын. Адамзат қара түнекте тұншығып, тыныстауға тұнық ауа таппай, тіршіліктен түңілген-ді. Өз сәбиін өзі өзекке теуіп, шырылдатып шұңқырға тірідей тастаған тағылықты надандықтың нәлеті, соқырлықтың сойқаны, құрафилықтың құрдымы демей не дерсіз?! Адамзат өзінің басына төнген түнектің түндігін түріп, ақиқатқа бастар асыл жанның келуін асыға күткен кез еді бұл. Аса ұлы Аллаһтың адамзатқа жазған жазмышы жаңа жүйеге көшетін кезі де келіп жетті. Осынау толарсақтан құм кешкен ұшы қиырсыз араб сахарасында сарайыңды самалымен сылаған, адам санасына сәуле салар саялы саңлағы Адам атаның (а.с.) асыл текті ұрпағы, Аллаһ Тағаланың ардақты құлы әрі ақырғы Пайғамбары Мұхаммед Мұстафа (с.а.с) адамзат арасына келді. Бұл әйгілі піл жылынан бір жыл кейін, дәлірек айтсақ миләдидің 571-ші жылы еді. Үмметі есімін естісе еміренген, тындырған тірлігіне тебіренген, адамзаттың асыл тәжі атанған Аллаһтың ардақты құлы Пайғамбарымыз (с.а.с.) қасиетті Құранның уахиын ортамызға жеткізді. Күллі мұсылманның ортақ ұстазы Пайғамбарымызға (с.а.с.) айтар салауаттарымыз шексіз.
Иә, көзі қарайып, там сүзген көз алдында жатқан түйме түгілі, көлденең тұрған түйені көрмес көрсоқырдың көкірек көлеңкесін кері ысырып, санасына сәуле салған, Аллаһтың әміріне сай амал жасап, Құдайдың құлдарын құрдымға кетуден құтқару үшін жар құлағы жастыққа тимей жар салып, Жаратушы Жаппар Иемнің жазуын жамағатына жеткізу үшін күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, күпірлікпен күресіп, пенде біткеннің көңіл көкжиегін кеңейтіп, адамдарды Аллаһтың ақ жолына бастаған ардақты да, асыл ұстазымыз Мұхаммед (с.а.с.) еді. Біз ең әуелі «Лә илаһа иллаллаһ» сөзінің сыңары болып тұрған «Мұхаммад расулаллаһ» сөзінің мәнісін түсіндік пе? «Аллаһтан басқа тәңір жоқ» деп куәлік бердік, ендеше осы қасиетті сөзге тереңірек үңілу үшін, тумаған, туылмаған, өзінен басқа теңдесі жоқ құдірет иесін тану үшін, Оның бізге бұйырған үкімдерін түсініп білу үшін бізге кім керек?! Әрине Аллаһтың кәламын жеткізер елші керек. Ол Елші, әлбетте, Мұхаммад расулаллаһ. Ендеше біз Аллаһтан басқа тәңір жоқтығына қалай сенсек, сол құдіретті Аллаһтың кәламын жеткізетін Елшісі болатындығына солай сенуіміз керек. Осы ақиқаттың астарын айқын түсінген Абай атамыз:
Әуелі аят- хадис сөздің басы,
Қосарлы бәйіт сымал келді арасы.
Қисынмен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы – деп бекер айтпағаны белгілі.
Олай болса, дана да дара тұлға Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне секемденіп сенімсіздік танытқан, сүннетті ұстануды сүрінгендіктің белгісі деп санайтын бәзбіреулердің далбаса сөзбен дабыл қағып, құлшылықтың құпиясын Құранға ғана байлап таңған байбаламы еріксіз басыңды шайқатып, бармағыңды тістетеді екен. Егер олар Құранға шынымен құрмет қылса, сол қасиетті Құранға да қарап қойсын дегім келеді. Қасиетті Құранда Аллаһ Тағала: «... Кім Аллаһқа және Елшісіне бой ұсынса астарынан өзендер ағатын бақшаға кіргізіледі де, олар онда мәңгі қалады. Зор табыс осы, ал кім Аллаһқа, Елшісіне қарсы келіп оның шектерінен шықса, ол ішінде мәңгі қалатын отқа кіргізіледі, оған қорлаушы азап бар» – дейді. («Ниса» сүресі, 13-14 аяттар)
Құдіретті Аллаһ Субхана уа Тағаланың бізге жіберген діні қасиетті кәламы Құрани Кәрімді біз Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жеткізуі арқылы ғана түсіндік, сол себепті де Айша (р.а.) анамыз: «Сендер Құранды оқисыңдар ма? Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмірі – Құран» деген. Демек, Пайғамбарымыз (с.а.с.) тірі Құран. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) тұла бойынан, істеген іс-әрекеті мен сөйлеген сөзінен Аллаһтың бізге жіберген дінін үйренеміз.
Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.) асыр салып ойнап жүрген бір топ баланың жанынан өтіп бара жатып, топқа қосылмай шеткері тұрған бір баланы көреді. Баланың азып-тозғаны соншалықты киімдері алба-жұлба, үстін кір басқан. Пайғамбарымыз (с.а.с.) әлгі баланың жанына келіп, жөнін сұрап, баланың әке-шешесі жоқ жетім бала екенін білген соң: «Мен саған әке болайын» дейді әлгі балаға. Сонда бала: «Мына балалардың әкесі түйе алып берген, ал менің түйем жоқ», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жарайды онда мен сенің түйең боламын», – деп жерге еңкейіп, отыра қалып, балаға «мін», – дейді. Қуанып кеткен бала Пайғамбарымыздың (с.а.с) үстіне қарғып мінеді де, қолындағы шыбығымен «шу-шулегенде» Пайғамбарымыз (с.а.с) түйенің жүрісін салып еңбектеп жүреді. Сәлден соң бала: «Ана балалардың түйесінің ноқтасы бар, менде ноқта жоқ», – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) дереу басындағы сәлдесін шешіп, аузына тістейді де, екі ұшын баланың қолына ұстатады. Әлгі жетім бала одан бетер мәз болып, Пайғамбарымызды (с.а.с.) шыбығымен ұрғылап тепеңдей түседі. Кенет тағы да: «Мына балалардың түйесі дауыс шығарады, ал менің түйемнің дауысы жоқ»ғ – дейді кейіп. Пайғамбарымыз (с.а.с.) дереу түйенің даусын салып, басын шұлғып қояды. Мәз-мәйрам болған баланың кіршіксіз пәк көңілі алып-ұшып, жаутаңдаған жетімдік қайғы-қасіретінен ада болып, шарқ ұрған сәбилік сезімі селдей тасыған-ды. Міне Пайғамбарымыздың (с.а.с.) нағыз сүннеті. Нағыз ізгілік пен адамгершіліктің өлшемі. Кейбіреулердің Пайғамбарымызды (с.а.с.) лаңкестіктің негізін салушы, бүкіл әлемдегі бүліктің бастауы етіп көрсетуді көздеуі көзсіздік пе, әлде көкіректік пе?! Пайғамбарымыздың (с.а.с.) карикатурасын салып кекету «кебенек емес-ау, кебін киюдің керісі», бұл деген алтынмен жезді айыра алмас ақылсыздықтың айғағы екені анық-ты. Тым құрыса ойланар еді-ау... Сын айту үшінде сындаушы сындалушының сырын сәл де болса сарапқа салар еді-ау. Демек «карикатурашыл көсемнің» ойы опақ болғаны ғой. Қай бір дәуірде болсын, патша немесе президент, әкім, ақсүйек дәл осы Пайғамбарымыздай (с.а.с.) жетім баланы желпіндіріп көрді екен. Біздің қазақ «Жетім көрсең жебей жүр» дейді. Әрине қайырымды жандар жоқ деуден аулақпыз. Дегенмен де, биліктегі бәлділер түгілі қара халықтың қайсыбірі, дәл осы Пайғамбарымыздай (с.а.с.) мейлінше мейірленіп, жетімді жебеді екен?! Исламның іргесі кеңейіп, абыройы асқақтаған дәуірде сол бір қуатты елдің көсемі бола тұра Пайғамбарымыздың (с.а.с.) арқасына бір баланы мінгізіп алып еңбектеп, түйе болып жүргенін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Қандай рақымдылық?! Тіпті тілмен айтып жеткізу мүмкін емес.
Иә, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мейірімін еске алсақ екі көзге еріксіз жас толады екен. Аса мейірімді Аллаһ Тағала өзінің шексіз мейірімін аямай берген пендесі, мүміндердің ұстазы, өнегесі, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (с.а.с.) шексіз салауаттар болсын. Аллаһ Тағала біздерге «Фердаус» жәннатында сүйікті Пайғамбарымызбен (с.а.с.) бірге болуды нәсіп еткей! Әмин!
Сөз соңын Пайғамбарымызға (с.а.с.) жүрегімнен шыққан мына бір арнау өлеңмен аяқтауды жөн көрдім.
Менің ұлы ұстазым – Пайғамбарым,
Баршамызға бақыттың жайған бағын.
Жаратқанның жазуын жеткізбесең,
Ақиқаттың білер ек қайдан барын?!
Менің ұлы ұстазым – Шапағатшым,
Көрсеттің сен үлгісін махаббаттың.
Ол махаббат – іңкәрлік бір Аллаһқа,
Пейішке барар тастан жол қашамақ кім?
Ол менің ұлы ұстазым – Шапағатшым.
Менің ұлы ұстазым – Расулым,
Әр жүректе шуақ боп тұратұғын.
Адамзат ардақтысы Аллаһ сүйген,
Қалай тұрам арнамай жыр асылын!
Ақиқатты көзі көріп Миғражда,
Бізге әкелген Расулдың сыйлығы аз ба?
Өмірі де өлшеусіз өнеге ғой,
Бір Аллаһқа құлшылық пиғылы азға.
Мен Аллаһты, Расулды сүйіп өтем,
Дінсіз маған өмірдің сыйы бөтен.
Құдайсыз қурай-дағы сынбақ емес,
О, Жасаған мәртебең биік екен!!!
Жаратқаннан жеткізген ұлы Құран,
Пайғамбарлық айналдым тұғырыңнан!
Надандық тамырына балта шауып,
Құбыжықтың құтқардың құрығынан.
Соңыңа еріп сахаба саңлақтарың,
Тағдырдың таттың тар жол, таңдақтарын,
Өзің қалап ізгілік іргетасын,
Шайтандарға шайнаттың бармақтарын.
Расулдың мү’миндерге мұрасы қалмақ,
Құран, сүннет – діннің ең турасы болмақ,
Таухид – деген “Лә Иләһә Илла Аллаһ”–
Деп айтқан Мұхаммад Расулуллаһ.
Бірлік Тоқайұлы
“Нұр-Мүбәрак” Египет Ислам мәдениеті
университетінің 4 -курс студенті