Әр сөзіңе абай бол
Аллаһ Тағала жұмыр басты пендесіне тіл мен ақыл беріп өзге мақұлықтардан артық қылды. Және де дене мүшемізді көркемдікпен жаратып, әрбірін аманат етті. Соның бірі – тіл. Халық даналығында:
″Басқа пәле тілден″, ″Жылы – жылы сөйлесең, жылан інінен шығады″, ″Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі″, ″Аз сөз – алтын" деген сөздер бары белілі. Расында, сөздердің ең асылы - Аллаһтың сөзі болса, ал ұрымталы- орынды айтылғаны болар. Ата бабаларымыз да асқан ақыл, шұрайлы тілмен талай жаудың басын қайтарып, талай дауды ұтқыр шешкен емес пе? Сондықтан сөздің сарасын сақтап, тіл апатынан сақтана білу де бақыт.
Әбу Хурейрадан (р.ъ.) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (с.ъ.с.) былай деген: «Расында пенде өзі мән бермей айтқан Раббысына ұнамды бір сөзі үшін Аллаһ оның дәрежесін көтереді. Және де ол мән бермей Аллаһтың ашуын келтіретін бір нәрсе айтқаны үшін Аллаһ оны тозақтық етеді». (Бұхари)
Себебі, «айтылған сөз, атылған оқ» сияқты, ол сөздер ауада еріп кетпейді, әрбірі жақсы яки жаман болып амал дәптерімізге тізіле береді. Бұл жөнінде Аллаһ Тағала құранда былай дейді: «Оның оңынан да, солынан да екі байқаушы отырады. Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды алдында аңдушы дайын». (Қаф, 17-18 аят)
Өкінішке орай, бүгінде өсек, өтірік, ғайбат айтпайтын ауыз аз. Екі әйелдің басы қосылса ауыздары көпіріп, айтатындары өсек. Ал, қу басының қамы мен жайы үшін жалған айтып, онысын «өнер» санайтындар жетіп артылады. Тіпті, өзгенің кем-кетігін түгендеп, тілге тиек ету қалыпты жағдайға айналған. Көп адамдар үшін біреуді сөз қылудың бәрі өсек. Алайда өсек пен ғайбаттың айырмашылығы бар. Өсек (нәмима) – бір кісінің жағдайын екінші адамға жаман мақсатта айту болса, ғайбат – бір адамның сыртынан қажет болмаса да кемшілігін айту және ол естісе жақтырмайтын жағдайда еске алу.
Ғайбат туралы «Хұжрат» сүресінің 12-аятында былай деген: «Әй мүминдер, күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер. Аллаһ тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді».
Міне, көріп отырсыз, ғайбатсөз айту өлген бауырының етін жегенмен бірдей екен. Яғни, үлкен күнә. Абдулла ибн Масъдтан (р.ъ.) жеткен хадисте былай дейді: «Бірде біз пайғамбарымызбен (с.ъ.с) бірге отырғанда бір адам тұрып кетеді. Басқа біреуі «ананы қара» деп ғайбат айтады. Оны естіген пайғамбарымыз (с.ъ.с): «Барып тісіңді тазала» дейді. Әлгі адам таңырқап: «Мен ет жеген жоқпын ғой, неге тазалаймын» дейді. Оған расулаллаһ (с.ъ.с.): «Сенің әлгінде айтқан сөзің өлексенің етін жегенмен тең»,- дейді. (Табарани)
Ғайбаттың жазасының бірі- қабір азабы. Бірде пайғамбарымыз (с.ъ.с) қабірдің қасынан өтіп бара жатып: «Шындығында мына екі адам азапталып жатыр. Оның бірі ғайбат айтқан болса, екіншісі денесін кіші дәреттен тазартпайтын еді», - дейді. Расулаллаһ (с.ъ.с.) және бір сөзінде былай деген: «Әрбір мұсылманның жаны, малы, абыройы, қаны, намысы бір-біріне харам».
Адамның жүрегі «қазан», ал тілі «қасық» іспетті. Қазанда не болса, қасыққа сол ілінері сөзсіз. Сондықтан тілді тыю үшін ең алдымен жүректегі дерттен арылуымыз қажет. Мәселен, мына төмендегі жағдайлар ғайбатқа итермелейді:
1) Тақуалықтың жоқтығы
2) Көреалмаушылық
3) Қызғаншақтық
4) Өзін басқалардан жоғары санау
5) Өзін ақтау үшін басқаны кемсіту
6) Ашуын басу үшін болған жағдайды басқа біреуге айту
7) Келемеждеу
8) Жағымпаздану
9) Өзгені аяғансымақ болып, оның басына түскен жағдайды сөз ету
10) Аллаһ үшін ашуланып, жеккөрген болу.
Біз көп мән бермейтін орынсыз қалжың да ғайбат болады екен. Пайғамбарымыз (с.ъ.с) : «Кімде-кім адамдарды күлдіру үшін айтқан болса да оған нендей өкініш» деген. Сондай-ақ, біреудің кемшілігін іс-қимылмен, бет-жүзіңмен, көзіңмен көрсету де ғайбатқа жатады.
Аллаһ Тағала «Хұжурат» сүресінің 11-аятында: «Әй мүміндер! Бір ел, бір елді тәлкек қылмасын. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Сондай-ақ, әйелдер әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңді мінемеңдер, жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін сүркей ат нендей жаман...»,- дейді.
Алайда, Аллаһ Тағала аяғын шалыс басып, жаңылған пендесіне де осы дүниеде зор мүмкіншілік беріп қойған. Ол – тәубе. Ал, ғайбат үшін қалай тәубе етеміз? Ғайбат үлкен күнә, сондықтан оны тоқтату керек. Сосын істеген ісіне қатты өкініп, Аллаһтан кешірім сұрап, ендігәрі қайталамауға бекіну қажет. Егер ғайбатталған адам естігенде жағдай одан әрі ушығып кетпейтін болса, одан кешірім сұралады. Ол мүмкін болмаса, ол адамды қай жерде ғайбаттаса, сол ортаның бәрінде жақсы жақтарын айтады. Кейін ол үшін дұға қылады. Аллаһ Елшісі бір сөзінде: «Кімде кім мұсылман бауырының арын ғайбаттан қорғаса, Аллаһ оны тозоқ отынан қорғайды» десе, тағы бір хадисте: «Аллаһтың бір құлы өзінің бір бауырының ұятты істерін жасыра білсе, таратпаса, қияметте өзінің де соншалықты күнәлі, ұятты істерінен арылады»,- деген.
«Мұсылман мұсылманның айнасы», сондықтанда бір-біріміздің кемшілігімізді даналықпен түзеуге тырысайық. Шынайы мүмін жер бетін арсыздық (ғайбат, өсек, ..т.б.) жайлауынан қорыққаны жөн. Себебі, Аллаһ Құранда былай деген: «Расында сондай мүміндердің ішінде арсыздық жайылуын жақсы көргендерге дүние, ақыретте күйзелтуші азап бар. Аллаһ біледі, сендер білмейсіңдер». ( Нұр-19 аят)
Иман келтіргеннің бәрі бір-біріне бауыр, асыл мұраты- Жаратушысының дидарын көріп, мәңгі жаннаттық болу. Ендеше, өз бауырымыздың етегінен тартып, аяғынан шалғанымыз иманның әлсіздігі емес пе? Сондықтан да, күнәлі істен арылып, Аллаһтың разылығын іздейік.
Қойбағарова А.Б.
Источник: http://www.musilman.ucoz.kz |