Жексенбі, 01.12.2024, 04.11.45
АқиқаТ
Меню сайта
Құран тындаңыз

Сауалнама
Сіз намаз оқыйсызба?

Барлық дауыстар: 2377
 
Сайт көрсеткіші

Барлык онлайндар: 1
Конактар: 1
Колданушылар: 0
Сайтқа кіру
Главная » Статьи » Діни макалалар » Уагыз - насихаттар

Апанына сүйреген ағымдар!
  Бұл тақырыптың баспасөз беттерінде, ел аузында, тіпті әрбір мұсылманның жүрегінде сеңдей қозғалып маңызды проблема болып туындағанына қай заман. Ащы сөз тілге ауыр болды, айтыла, айтыла жауыр болды демекші, күндердің күнінде жан айқайымызға жара жабысып, жабулы қазан жабулы күйінде қалып кетпесе демеңізші. Саналарды жаулаған секталармен, арда қазақты апанға сүйреген ағымдардың күн санап күшейгеніне не жорық. Кет десең де кетпеген, есіктен төрге беттеген білімсіз бейшаралардың сонда көксегені не? Айрандай ұйыған халықтың ділі мен діні қайта оралды деп шаттанған шағымызда шарасыз күйге түсуімізге не себеп? Ақірет қамын емес, алдамшы өмірдің нанын ойлаған қайран қазақтың қаншасы бас шұлғып, балақ түріп болымсыз ағымның айдауына ерген. Тіл сатқанды естідік, діл сатқанды естідік, апырай енді дін сатқанды да естіп көзбен көретін болғанымыз ба? 
  Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған секталарға жолдау жасайтын, халыққа қолдау жасайтын жаңа заңды күткенімізге қай заман. «Иегова куәгерлерінен» бастап ірілі-ұсақ дін атын жамылған ағымдарды санайтын болсақ тіпті саусақ жаңылады. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) пайымды хадисі мен Алланың ақ жолы Құраннан қол үзіп, адасып кетіп жатсақ ертеңгі тағдырымыз не болмақ? Сананы жаулаған сансыз сұраққа жауап тапқым келді, «Мың рет естігенше, бір рет көр» деген қазақ. Шамамның келгенінше зерттеп білгім келіп солай қарай бет алған едім.
  Маңдайшасында «Иса мәсіх миссионерлік орталығы» деген жазуы бар үлкен қорғанға имене басып кірдім. Кімге жолығарымды білмей аңырап тұрғанымда қарсы алдымнан қазақ жігіті ұшыраса кетті. Жөн сұрастым, осында Алматыда тұрады екен, есімі Бауыржан. Ол менің тапырлата қойған тосын сұрақтарыма еркін жауап беріп жатты:
«Білесің бе, діндер көп, бірақ құдай жалғыз. Және құдайдың баласы бар. Ол - -Иса мәсіх. Ақиқат тек осы жолда ғана. Иә, барлық бауырларыма айтар едім біздің қауымға өтіңдер деп. Айтпақшы, кешк бір досымды ертіп келдім осында. Баста рас, Исаға иланбаймын деген, кейіннен құлшылыққа қатысып ақиқатпен қауышты. Қазір ол бақытты, жұмысы да жүріскен. Солай. Ал сіз айтқан мұсылмандардың мешітіне өмірімде кіріп көрмеппін, кірмейтін де шығармын».
  Қандасымның сөздері өзегімді өртеп өткендей болды. Неткен аянышты, жүрегім лоблып барып басылды. Бұл басы ғана еді.
Иса мәсіх ұйымының құрылғанына біраз болған. Өте кең таралған. Филиалдары Түркия, Германия, Англия т. б. мемлекеттерде бар көрінеді. Дінбасыларын пастор деп атайды. Бұлардың қазіргі пасторлары Ким Сан Кон. Ұлты кәріс. Еліміздің барлық қалаларынан қоныс тепкен. Алматының өзінде 51 құлшылық жасайтын үйлері бар көрінеді. Бір өкініштісі, 60 пайызы қазақтардан құралған екен. Құлшылық жасайтын күндері жексенбі, дүйсенбі.
  Шамалы уақыттан соң қазақша құлшылықтарының болатынын есітіп, істің мәнісіне қаныққым келіп аулада күтіп отырдым. Міне бауырларымыз да келе бастады. Құдайым-ау сіңірі шыққан шалдан бастап 7-8 жастағы сәбилерге дейін топырлап келіп жатты. Ақыл айтар азулы қарияның Ислам дініміздің ұйытқысы болып отыратын шағы емес пе? Өтірік діннің өрнегін тоқып, Иса мәсіхке иланса ұлтымыздың тығырыққа тірелген тұсы осы шығар. Менің қолымды қысып тұрып сол қария: «Балам, Исламда бақыт жоқ, біздің жол ақиқат. Құлшылығымызға қатысып тұр» деді. Не дерімді білмедім. Ақылшымның адасып, ардан да, діннен де алыстағанын түсіндім. Тепсе темір үзетін марқа жігіттер де, құлпырған қыздар да, арда аналар да осында. Қайғылары да жоқ-ау, күлімдей жүріп бір-бірімен шұрқырасып, хал сұрасып жатыр. Соңдарынан еріп отырдым, үлкен залға келіп тірелдік. Қатар-қатар қойылған үстел үстіне дастархан жайылыпты. Барлығы арқа-жарқа болып келіп төргі бұрышқа сап түзеп тұра қалды. Қарсы алдарында музыкалық аспап тұр. Айтуларынша Құдайға ән салып бермекші. Құлшылықтарының бір түрі осы болса керек. Жүрегім шымырлап, аяқтарым дірілдеген қалпымда шеткі орындыққа отыра кеткем.Кенеттен улап-шалаған олар мені орнымнан тұрғызып жіберді. Түсінуімше, Құдайға ән арнаған кезде отыруға болмайды екен. Орта жастағы жігіт ағасы микрофонды алып халыққа сөз арнап жатыр: «Қазір біз Иса мәсіхке арнап ғибадат әнін айтамыз. Дайын болсаңыздар». Масқарашылықтың көкесі осы екен. Бәрі хормен 7-8 әннің басын қайырды.
  Қандастарымызды қатарларына қосып, қағынғандарымен қоймай, ардақты дініміз Исламға күйе жаққандары несі бұл шіркіндердің. Жыланға арбалған торғайдай есеңгіреген бауырларымыз ұйымдарының жаттанды сөзін қайталап ата дініміз Исламды қаралап жатты. Олардың айтуынша біздер тым қатал Құранның аясында өмір сүреді екенбіз. Бір ғибадатты жиі қайталап, Құдайға емес Меккедегі қағбатуллаға табынатын көрінеміз. Бір сөзбен айтсақ, олар үшін Ислам дін – адасқан екен.
  Олардың жан төзгісіз ауыр сөздерін ішімнен истиғфар айтып отырып ашына тыңдадым. Мүлдем түсініксіз қиял-ғажайып әңгімелеріне қарным ашты. Діннен хабары жоқ қарапайым адамның өзі саналы түрде ой таразысынан өткізсе Исламның тәрбие мен танымнан, ізгілік пен адалдықтан, ақиқаттан тұратынына көз жеткізбес пе? Ханның ұлына ханзада мансабын бергендей Исаны (ғ.с.) Құдайдың құлы емес, ұлы деп тану басқа басқа, қаймана қазағымызға жараса қоймас. Он бір ғасырдан бері Ислам дінімізге құрметпен қарап, ақау түсірмей келген қайран бабаларымыз бүгінгі ұрпағының ұсақталып, нанымына нұқсан келерін сезіп пе? Өкінішті-ақ!
  Жаңа өмір сүргісі келетін бауырларымыздың саны күн санап артуда. Христиандық адуында ағымдардың аяғынан тік тұрған тағы бір ұйымы «Жаңа өмір» деп аталады. Бірінші Алматыдан ойып тұрып орын алған олардың бас кеңселерінде қитұрқы құлшылықтың қазаны қыз-қыз қайнап жатады. Әдеттегідей қазақ жастары мұнда өте көп. Бұлардың айтары да сол жоғарыдағыға ұқсас. Қолдан жұмақ орнатқан жанкештілер. Маңдайларын сәждеге емес, дуалға қойып дабыра жасаған олар гитара аспабымен үлкен сахналарында жұлқына жүріп билеп, ән салып жатады. Және бұлар шошқаның еті, зина жасау сынды харам нәрселерді қолдап, өздерінің қажеттілігіне айналдырған. «Біз дін емеспіз, дін болмайды, біздер жаңа өмір сыйлаушылармыз» дейтінін қайтерсің, шіркіндердің.
  Соңғы уақыттарда жиі айтылып жүрген «Иегова куәгерлерінің» де мақсат-мүддесі айдан-анық. Ұлтымыздың рухани діңгегін кеміріп, салт-санамыз бен дінімізді күйрету. Өздерінің ордасын патшалық сарай деп атауында мән бар секілді. «Үй ішінен үй тігіп» патшалық құрғысы келетін пақырлар қазаққа қазақты айдап салып жатқаны жасырын емес қой. Бүгін құдайшылдардың атын жамылып келді, ертең қатігез қаһарманға айналып, оның арғы күні құлақкесті құл ұстайтын дәрежеге жетпесіне кім кепіл№ Бүгін он екіде бір гүлі ашылмаған жас жеткіншектерімізді пайдаланса, ертең жоғарыдағы діннен шет қалып жүрген шенеуніктерге ауыз салады. Бұл нағыз психологиялық төңкеріс емес пе?
  Кез келген адамға алғаш жолыққан сәтте олар қырық жыл көрмеген құдасын көргендей қуанып, езулері жиналмай ерітіп ала жөнеледі. Нақ бір ақиқаттың алдаспанын сермегендей жалындап, байсалды қалыпқа түсіп қандастарымыздың иманға шөлдеген жүректеріне өздерінің уын құйып қатарына қосып алады.
  «Осында келгеніне 11 жыл болды, бұл жерде бәріне үйретеді. Адамдарды қалай сөзбен баурап алу керек, келгісі келмегенді қалай келтіру керек. Бір сөзбен айтқанда, психологиялық шабуыл жасаймыз. Қазір Йеговаға, шүкір, дүние жүзі бойынша 7 миллион болдық. Әлі де өмеміз. Қандастарымыз қаптап келіп жатыр», - дейді Сандуғаш есімді әпкеміз масаттанып. 
Аптасына болатын құлшылықтары орыс, ағылшын, ұйғыр, қазақ тілінде өтеді. Әр топқа ат қойып уақытын белгілеп қойған.
  Иә, күн санап көбейіп жатқан сектала. Жағдайдың жарға келіп соғылғаны осы шығар. Сан қайталанып айтылып та, жазылып та жүр. Шыққан нәтиже қайсы? Қойдан жуас халықтың құшағына кіріп оратылып жатқан жылан-ағымдар уымен жер дүниені билегісі келеді. Қарсылық әлсіз.
  Бұл күйге түсуімізге не себеп? Иншаллаһ, мешіттеріміз жамағатқа толып жүр. Десек те иманымыз әлсіз. Қала берді, халықтың діни сауаты өте төмен дәрежеде. Жымиып келіп жымысқы уағызын жеткізуші түрлі ағым өкілдеріне сенгішпіз. Адасқанын сезіп те, сезбей де кетіп жатқан бауырларымыз баршылық. Бұрынырақта «Руың қандай?» деп сұраушы едік, енді «Қай діндесің?» деп жөн сұрау әдетке айналыпты. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, өзіміз әуретімізді жаба алмай әуре болып, тіліміз шұбарланып, Исламның заңымен өмір сүре алмай жүргенде, бұл да жығылған бізге жұдырық болып тиді. Шамалы адамның шапқылап дауыс көтергенінен не бітеді. Жүгімізді жұмыла көтермесек, оның күннен-күнге ауырлай түсетіні ақиқат қой. 
  «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер» туралы заңның зарласақ та өзгеретін түрі жоқ. Не үшін? Халық шулап жазып жатыр, айтып жатыр, сол жан-айқайдың бәрі кім үшін екен? Әрине, ұлтымыздың мүддесі, еліміздің болашығы үшін емес пе? Әлде заң шығарушы орындар солардың күйін күйттей ме? Айналайындар-ау, қайраты қашқан қариядан бастап, бал тілді бүлдіршіндерімізге дейін ағымдардың апанына құлап жатыр ғой, ай қарап отыра береміз бе? Діңгегімізді кемірген діни бірлестіктердің қарасын өшіретін уақыт жетті ғой. Тіл шұбарланған жақсы емес, ал дін шұбарланса екі дүниеде де оңбаспыз. Қайдағы мен жайдағыны басты проблема қылып зарлап, ұлттық рухымызға көңіл бөлмесек, ертең күйінгеннің көкесі сонда болады. Оян қазақ, ойлан қазақ! Отан алдындағы борышымыз бен Алланың алдындағы парызымызға берік болайық!


                           
 


Категория: Уагыз - насихаттар | Добавил: akikat (23.05.2009) | Автор: Тағайбек Тұрысбеков
Просмотров: 1038 | Рейтинг: 5.0/3 |
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Намаз уақыты
Сайттан іздеу
Сайттар

Админ. Жеңіс МАТКАРИМОВ