Қандай да бір ел болмасын сол елдің өзінің салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болады. Біздің қазақ жұртында да да әдет-ғұрыптарының алуан түрі кездеседі. Соның бірі еліміздің кей өңірлерінде құрмет есебінде қалыптасқан келіннің «сәлем салу» дәстүрі. Бүгінгі күнде сол «сәлем салу» мәселесіне байланыстырып Пайғамбар (с.ғ.с) сөзіне амал етпеу салдарынан аракідік бүліктер шыға бастады. Әз Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Бүлік - өлімнен де қаттырақ (ауырлау)» - деген емес пе еді. Және бір хадисінде: «(Дінді) жеңілдетіп (айтыңдар), ауырлатпаңдар, (адамдарды) қуантып айтыңдар, қашыртпаңдар» деген-тін. Ендеше неге дініміз енді етек алып көркейіп келе жатқанда бүлік шығарып, ауырлатып көрсетеміз. Бүлік шығару емей немене, жуырда бір бауырымыз осы «сәлем салуды» Аллаһқа серік қосу амалына жатқызғанын естіген әйелдер қауымының кейбірі ата-енесіне қарсы шығып, тіпті өз күйеулеріне ширк амалын жасамаймын деп ажырасуға сәл қалған отбасыға куә болған едік. Мұндай жағдайға бейқам қарап қалуға дәтім бармай қолға қалам алуыма тура келді. Сәлем салу – дәстүрімізде үлкен кісілерге құрмет пен ізеттілік танытып, кішкене еңкеюмен жүзеге асады. Егерде рукуғ секілді қатты енкейетін болса, сәлем салудың сипаты бұзылмақ. Олай болатын болса намаздың шарты боп саналатын, тек намазда жасалатын сәжде мен рукуғқа кішкене еңкеюді теңдестірудің өзі ақылға қонғысыз. Өзге діндегілер сияқты ер кісілермен келіннің қол алысып амандасуына қарағанда «сәлем бердік» - деп үлкенге кішкене ғана еңкейіп құрмет білдіруі, өркенің өссін, бақытты бол, көп жаса деген сияқты ақ батасын алуы әлдеқайда жақсырақ емес пе?! Көптеген мұхаддистердің «Сахих» кітаптарында ең бірінші келтірілген Аллаһ Елшісі (с.ғ.с) хадисінде «Расында іс-амалдар ниетке байланысты және әрбір кісіге ниеттенген нәрсесі тиесілі» - дегеніндей сәлем салушы келіннің ниеті қандай екенін білумен-ақ мәселе шешіліп жатыр. Егерде сиыну мақсатымен еңкейсе, әрине, үлкен күнәға ұрынып ширк жасағанмен тең болар еді. Алайда ізеттілік үшін еңкейіп сәлем берген келіндерді, олардың ниеті құрмет үшін екенін біле тұра қалайша мүшрикә (серік қосушы) деп санамақпыз. Сонда қазақы салтымызда кішіден ізетке лайық болған үлкендердің барлығы адамдарды өзіне табындырған Перғауын секілді болғаны ма? Әрине, әсте олай емес. Келіңіздер, төмендегі мысалдарға ой жүгіртіп көрелік. • Барлығымыз Құранда айтылған Адам (ғ.с) ата қиссасынан білетініміздей Аллаһ Тағала Адамды жаратып, сосын оған құрмет есебінде сәжде қылыңдар деп бұйырған-тын. Сонда ібілістен басқа барлық періштелер сәжде қылмап па еді?! • Юсуф пайғамбарға (ғ.с) жұлдыздар (бауырлары) мен күн (әкесі) және ай (анасы) түсінде сәжде қылғандығы жөнінде де аят бар. • Спорт әлеміндегі күресті алып қарайтын болсақ, кей кездерде қарсыласы құшақтап алып құлатуына берілмеу үшін қарама қарсы сәжде дәрежесінде жатып алатынын білеміз. Сонда бұл қарсыласына сәжде еткенмен тең деп ойлаймыз ба? Әрине жоқ, ол күрестің тәсілі болып саналады емес пе?! Немесе каратэге түсер кезде екі қарсылас бір-біріне басын изеп кішкене еңкейетін жайы бар. Бұны рукуғ деп айтасыз ба? • Егер мұндайдың барлығын ширкке жатқызар болсаңыз, базарда жүріп қолымыздан түсіріп алған алма, өрігімізді жинап алу үшін еңкейіп жүруіміздің өзі қаншама кісіге табынғандық болар? Иә, келтіре берсек мысалдар өте көп. Бұл сөзімді қуаттау үшін Ислам ғалымдарының пікіріне жүгінсек. www.islamonlaine.net – сайтында: «Спорт түрі болған каратэ ойынында еңкейіп құрмет есебінде бір біріне сәлем беруі Исламда рұқсат етілген бе?» - деп сол сайттың пәтуа бөліміне сұрақ берілген екен. Бұл сауалға былай деп жауап берген екен: «Егер бұл іс (еңкейіп сәлем беру) ғибадат есебінде болса (Исламда) рұқсат етілмейді және Аллаһ Тағалаға серік қосқан болып табылады. Ал, егерде тек құрмет есебінде ғана болса рұқсат» - десе, тап сол сауалға Еуропа кеңесінің пәтуә бөлімі меңгерушісінің орынбасары шейһ Файсал Мәуләуи де жауап беріпті, ол: «Тіпті спорт ойынында болса да сәлем салу белгілі бір шартпен орындалады. (Құрмет есебінде еткен сәлем салушы) мұсылманның ойы пұтқа табынушы сияқты ойдан аулақ болу керек». Бұл (спорттағы сәлем салу) арқылы Аллаһтан басқаға ғибадат етуді мақсат етсе, онда рұқсат етілмейді. Ал, адамға құрмет көрсетуді мақсат етсе және намаздағы рукуғ дәрежесіндей сияқты толық еңкеймесе, онда шариғатта рұқсат саналатын істерден болып қала бермек» - дейді. Көрші мемлекетіміз Өзбекстанда да «келін сәлемі» үрдісі бар. Сол елдің бүгінгі ғалымы, бұрынғы Азия бойынша мүфти қызметін атқарған шейһ Мухаммад Садық бұл мәселе жайлы былай дейді. «Бұл келіннің иілуін кейбіреулер «ширк» деуде. Яғни Аллаһты қойып күйеуінің атасына немесе басқа туыстарына ғибадат етіп жүр деп (сөгуде). Бәлкім осылай деп жүргендер өздері не деп жүргендерін білмесе керек. Бірақ, осылай болмаса да сөздері сондай. Негізінде бұл - дәстүр, сәлемдесу ғибадат емес. Мұндай кезде сәлем салушының ойына ешқашанда Аллаһты ұмытып пендеге сиыну кіріп те шықпайды. Егер келін сәлем беруінде рукуғ дәрежесіне дейін қатты еңкейетін болса, сәлемдесу әдебін бұзған болады». Мысыр елінің жақында ғана дүниеден өткен бұрынғы мүфтиі, көптеген кітаптардың авторы солардың бірі «Ислам аясындағы отбасының энциклопедиясы» атты 6 томдық кітабында отбасының сәттілігі мен бақытты болуы жөнінде жазып өткен Атия Сақр өзіне қойылған: «Сахнада өнер адамы тыңдаушылардың қошеметіне алғыс ретінде иілуіне болады ма?» деген сұраққа былай деп жауап берген екен: «...Кейде үкімдер ниетке қарай бағаланады. Сондықтан халыққа деген алғысын білдіріп, кішіпейілділік ниетімен иіліп сәлем берудің еш оқасы жоқ. Бірақ қатты иілмеген жөн...» - деген. ҚМДБ-ның ресми сайтында да сәлем салу жөнінде: «Құрмет ретінде сәлем салу Исламда харамға, яки, Аллаһ Тағалаға серік қосуға жатпайды. Бұл қазақтың әдет-ғұрпы. Діни міндет те емес. Қазақ келіндері ешбір табыну мақсатында сәлем салмайтыны баршаға мәлім. Ендеше, ғасырлардан бері Ислам дінін жетік білген ғұламалардың көз алдында жалғасын тауып келе жатқан бұл әдетті ширкке балап, елдің шырқын бұзу - әсте дұрыс емес» - деген салихалы пікірді оқуға болады. Міне, Ислам ғалымдары «сәлем салу» мәселесіне осылайша үн қатады. Және т.б көптеген осындай пәтуалардың бар екені ақиқат. Ендеше мұндай атақты ғалымдардың берген пәтуасын ескере жүріп, отбасының шырқын бұзар бүліктерге жол бермеген абзал болар. Әрбір нәрсеге баға беру үшін алдымен ой жүгіртіп анық-қанығын білу арқылы жүзеге асса деймін. «Періштелерге Адамға (ғ.с) құрмет етіп сәжде қылыңдар» - деп құрмет ретінде бұйырған мейірімі шексіз Аллаһ Тағала отбасыларымызға амандық, бақыт нәсіп етіп, баршамызға тауфиқ-инсап берсін. Әмин!
Жеңіс Әбибуллаұлы
|